01 қар, 2018 сағат 08:23

Қазақстан «Оскар» сыйлығына қалай үміткер болды - Арыстанбек Мұхамедиұлы

Басты рөлді Самал Еслямова сомдаған, режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» картинасын Америка киноакадемиясы Қазақстан атынан «Оскар» жүлдесіне өткізбегені қыркүйек айында белгілі болған. 

Мәдениет және спорт министрлігі бұл қорытынды ресми  шешім емес екенін білдіріп, әлі де тиісті жұмыстар істелетінін ескерткен еді. 

Осы орайда министр Арыстанбек Мұхамедиұлы "Айка" фильмінің «Оскар» жүлдесінің лонг-парақшасына қалай өткені жайлы өз пікірін білдірді.

«Айка» фильмінің Қазақстан атынан «Оскар» жүлдесіне ұсынылуы - сапасы мен басқадай талаптар бойынша да лайықты дүние саналады. 

Дейтұрсақ та Киноакадемия дирекциясы тарапынан осы картинаны түсірген режиссер Сергей Дворцевойға қатысты біраз сауалдар туындаған. Оның Шымкент қаласында туып, кейін Ресейге қоныс аударып, азаматтығын ауыстырғаны туралы мәлемет кері әсерін тигізген сыңайлы.

Осындай себеппен Америкалық кинематографиялық өнер және ғылым академиясы біздің елдің атынан түскен өтінішті қабыл алмады. Себебі, бұл картинада олардың ойынша  ұлттық мазмұнның 50% деңгейі жоқ көрінеді. 

Алайда фильмді Мәдениет және спорт министрілігі толыққанды отандық деп санап, оң шешімге қол жеткізе алды. Бұл туралы министр Арыстанбек Мухамедиұлына сауал қойып едік:

- Қалай дегенмен «Айка» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» жүлдесінің лонг-парақшасына ензігілді. Сонымен қатар «Үздік шетелдік фильм» номинациясы бойынша да аталымға енді. Осының алдында америкалық киноакадемия «Айка» картинасына қарсылық танытып еді, соны қалай реттедіңіздер?

- О баста «Айка» картинасын ұсынғанда, біздің өтінішімізге орай қандай көзқарас туындағанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы орайда шығармашылық және түсірілім тобының үлесі жағынан қазақстандықтардың басым екенін дәлелдеуіміз керек болды. Негізгі жүкті көтергендер өз еліміздің түлектері: продюсер Гүлнәр Сәрсенова, басты рөлді сомдаған Самал Еслямова және композитор Рустам Гоипов болды.

Бірінші - бас режиссер Сергей Дворцевойдың  Қазақстанда туып, оқығаны және осында өзінің бірталай кинотуындыларын дүниеге әкеліп, шығармашылық жағынан қалыптасқанын, сондай-ақ әлі күнге дейін оның анасының Шымкент қаласында тұрып жатқанын да алдыға тарттық. Екіншіден – осы фильмге ат салысқан азаматтарды толық атап көрсеттік. Сонымен шығармашылық топтың 60%-ын отандастар құрады.

Осыған орай Америкалық киноакадемияға тағы да хат жолдадық. Қорытындысында «Айка» картинасының қазақстандық мазмұнды фильм екенін дәлелдеп, «Оскар» жүлдесінің шет елдік фильмдер аталымы бойынша келесі жылғы лонг-парақшасына іліндік.

Айта кету керек, «Оскар» жүлдесіне әртүрлі номинациялар бойынша 150-ден астам өтініш түскен екен. Көркемдік сапасы бойынша біздің фильм таңдау шарттарына толық сәйкес келеді. «Айка» фильмі туралы ақпарат жүлде тағайындау комитетінің сайтына орналастырылған – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.