04 ақп, 2021 сағат 14:50

Қазақстан ОПЕК + шеңберінде міндеттемелерді орындауға әзір - Энергетика министрлігі

3 ақпанда бейнеконференция форматында ОПЕК+ министрліктері бірлескен мониторинг комитетінің 26-отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

Кездесуде өндірісті қысқарту бойынша қабылданған шаралардың арқасында әлемдік мұнай нарығындағы оң үрдістер атап өтілді. 

2021 жылы әлемдік экономиканың өсуі 4,4% деңгейінде, мұнайға деген әлемдік сұраныс тәулігіне 95,9 млн.баррельді құрайды деп болжануда (2020 жылмен салыстырғанда өсім тәулігіне 5,6 млн. баррель). 

Сондай-ақ, желтоқсан айында Келісімге қатысушы елдердің міндеттемелерін орындауы бойынша көрсеткіштердің жақсарғаны атап өтілді (101%, оның ішінде ОПЕК елдері – 103%, ОПЕК емес елдер – 93%). 

Қазақстан, өз кезегінде, өз міндеттемелерін орындау және бұдан бұрын артығымен өндірілген көлемдерді өтеу бойынша шаралар қабылдауға әзір екендігін жеткізді.