15 шіл, 2020 сағат 20:06

Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында өз міндеттерін орындайды

Бүгін ОПЕК+ бірлескен мониторинг комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін ОПЕК+ қатысушы елдер арасында 2020 жылдың мамыр-шілде айларында мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін ұжымдық қысқарту туралы келісімге қол қойылған еді. 

«ОПЕК+ бірлескен мониторинг комитеті отырысында 2020 жылдың маусым айында мемлекеттердің орындаған міндеттері қорытындыланды.

Қатысушылар келісімнің әлемдік мұнай индустриясына оң ықпал еткенін атап өтті.

Әр түрлі себептермен өз міндеттерін толық орындай алмаған бірқатар елдер мұнай өндіру көлемін қосымша қысқартуға дайын екендерін айтты», делінген хабарламада.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстан өз кезегінде міндеттемелерді орындауға дайын. «Бұған дейін мемлекет өкілдері ОПЕК+ хатшылығына мамыр айының алғашқы 12 күнінде елде саланың инерттілігіне байланысты мұнай артық өндірілгенін хабарлаған болатын.

ОПЕК+ келісімінің талаптары бойынша биыл тамыз айында мұнай өндіру көлемін ұжымдық қысқартуды тәулігіне 9,7 млн баррельден 7,7 млн баррельге дейін азайту қарастырылған», делінген хабарламада.