19 қаң, 2021 сағат 15:53

Қазақстан оқушылары халықаралық Жәутіков олимпиадасынан 90 медаль жеңіп алды

Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінде мамандандырылған білім ұйымдарының оқушыларына арналған математика, физика және информатика пәндерінен XVII халықаралық Жәутіков олимпиадасы онлайн форматта өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, олимпиадаға Аустралия, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Грузия, Дания, Үндістан, Индонезия, Иран, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан және Украина елдерінен 146 команда құрамында 1 мыңнан астам оқушы қатысты.

Бәсеке қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 90 медаль жеңіп алды: оның 13-і - алтын, 37-сі - күміс және 40 қола медаль.

Олимпиада нәтижесі бойынша 500 қатысушы жүлдегер атанды. 

Білім және ғылым министрлігі олимпиада жүлдегерлерін, олардың ата-анасы мен мұғалімдерді жеңісімен құттықтады.