11 шіл, 2024 сағат 16:28

"Қазақстан мықты автомобиль державасына айналуы керек": Олжас Бектенов индустриялық аймақтағы кәсіпорынға барды


Фото:primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары аясында индустриялық аймақтағы бірқатар кәсіпорынға барып, ол жердегі инвестиция тарту және өндірісті локализациялау қарқынымен танысты, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Үкімет басшысы "Ирригатор Қазақстан" зауытында өнімділікті көбейтіп, су үнемдеуді арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суаруға арналған, Израиль технологиясы бойынша жасалатын түтікшелер өндіру процесін қарап шықты. Ал Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнына барған кезде локализациялауды тереңдету және өндірістің неғұрлым күрделі технологиялық процесіне көшу жоспарымен танысты. 

Сондай-ақ Astana Motors компаниясының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов жұмыс істеп тұрған Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан басқа жылына 90 мың жеңіл автомобиль шығара алатын мультибренд зауыты (2025 жылы іске қосу жоспарланған), автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер шығаратын үш зауыт және логистикалық хаб кіретін өндірістік кластерді дамыту жоспарлары туралы хабарлады. 

Өз сөзінде Олжас Бектенов еліміз мықты автомобиль державасына айналуы тиіс екенін баса айтты.

"Кім не айтса да... Қарсылар мен сынаушылар көп... Қазақстандық автопром қалыптасты және ол ары қаратай дамиды. Біз, Үкімет оны барынша қолдаймыз. Қазақстан мықты автомобиль державасына айналуы керек", -деді Олжас Бектенов Алматыға сапарында.


Келесі нысанда Премьер-Министрге ауданы 100 мың шаршы метрден асатын Wildberries жаңа логистикалық тарату орталығының құрылысы туралы баяндалды. Бұл біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан осындай екі жобаның бірі: екінші орталық Астанада салынады. 


Фото:primeminister.kz

Бұған қоса, жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында арнайы жұмыс істейтін Алматы қаласының шағын өнеркәсіп парктері бағдарламасының іске асырылуымен танысты. 
Үкімет басшысы экономиканың басым секторларында жобаларды іске асыратын бизнесті қолдаудағы әкімдіктің нақты жұмысының маңыздылығын атап өтті.

"Президент өзінің Жолдауында Үкіметке шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруді ынталандыру туралы тапсырма берді. Алматы мен жалпы ел экономикасы үшін бизнесті қолдау әрі іскерлік белсенділікті ынталандыру құралдарын жетілдіру маңызды. Индустриалды аймақтар, әсіресе шағын өнеркәсіптік парктер тиімді механизмге айналды. Мұнда кәсіпкерлер өндірісті өрістете отырып, үнемделген қаражатты айналымға жібере алады. Жұмысты жалғастырып, тәжірибені басқа өңірлерге тарату қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Фото:primeminister.kz

Фото:primeminister.kz

Фото:primeminister.kz