12 қаз, 2022 сағат 18:46

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 7 айда 3,5 млрд долларға жетті


7 айда Қазақстан мен Түркия арасында сауда айналымы 3,5 млрд долларға жетті. Бұл туралы Ақордада Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздерден кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Түркия Президентінің сапары аясында жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысы өтті. Жиында аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмастық. Басқосу мазмұнды әрі мағыналы болды. Іс-шараның соңында түрлі саладағы байланысты жаңа белеске көтеретін үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық - біздің байланыстарымыздың өзегі. Бұл бағыттар бойынша қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Әсіресе, әскери салада ынтымақтастығымыз арта түсті», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті былтыр екі елдің өзара саудасы 33 пайызға артып, 4 млрд доллардан асқанын айтты.

«Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің бірі. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда 66 пайызға өсіп, 3,5 млрд доллар болды. Біз сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл - елдеріміздің алдында тұрған стратегиялық белес. Түрік инвесторлары Қазақстан экономикасына 4,35 млрд инвестиция салды. Ал Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы - 1,13 млрд доллар. Жалпы өткен жылдың қорытынлысы бойынша Түркия біздің еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарына кірді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.