Петропавлда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өтетін екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық форумы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Көпшілік назары еліміздің солтүстігінде орналасқан көне шаһар – Петропавлға ауды. Аптаның басынан қасиетті Қызылжар топырағы Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келіп жатқан меймандар легін қарсы алуда. Алқалы жиын жаңадан ашылған теннис орталығында ұйымдастырылған көрмеден басталды.
«Бүгін шын мәнінде маңызды жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Бұл шара - Қазақстан мен Ресей арасындағы көршілік, достық қарым-қатынастың айқын көрінісі. Бүкіл әлемге Қазақстан мен Ресей – экономика, геосаясат тағы басқа салаларда ынтымақтастық қарым-қатынастың бірегей мысалын көрсетіп отыр. Форумға қатысушылардың барлығына алғысым шексіз», - деді жиынды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Дүниежүзілік туристік қауымдастықтың мәліметі бойынша, 2017 жылы Қазақстан туризмнен 1,929 млрд, ал Ресей 8,945 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда көріпті. Бұл саланың даму көкжиегі кең. Сондықтан ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік саладағы өзара әріптестікті нығайтуға, оның ішінде, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы туризмді дамыту және алға жылжытудың озық тәжірибесімен алмасуға, туристік индустрияға инвестициялардың келуін ынталандыруға баса назар аударылмақ. «Құрметті достар, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының ХҮ форумының ашылуымен құттықтаймын. Сіздердің қонақжайлылықтарыңызға алғысым шексіз. Бұл форумда біз екі елді байланыстырып отырған туризм туралы айтамыз. Оның бірегейлігі де осы. Біздің қарым-қатынасымыз – стратегиялақ сипатқа ие. Экономикалық, достық қарым-қатынасты дамытуда туризмге ерекше мән беріліп отырғаны қуантады. Туризм – халық шаруашылығының 53 бағытының дамуына ықпал етеді. Жыл сайын 3,5 миллион қазақстандық Ресейге келеді екен. 3 миллионнан астам Ресей азаматы Қазақстанға саяхат жасайды. Бұл көрсеткіштер ұдайы өсуі керек. Себебі бізде туризмді дамытудың барлық мүмкіндікті бар», - деді РФ Мәдениет министрлігінің «Ростуризм» туризм жөніндегі агенттігінің басшысы Олег Сафонов. Екі мемлекет көрмеге 40 экспонент қойды. Шараға Қазақстанның барлық өңірі мен Ресейдің 10 облысының өкілдері қатысуда. «Біздің облыс үшін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу – зор мәртебе. Өңірде талайды таң қалдыратын нысандар бар. Мәселен, Шалқар-Имантау курорттық аймағы. Бізде емдік қасиеті жоғары екі көл бар. Шалқар көлі сыуының құрамы – теңіз суының құрамына өте ұқсас. Екіншісі – Меңкесер көлі. Оны Израильдегі Өлі теңіз суымен салыстыруға болады. Біз солтүстікке келетін туристердің санын, әсіресе Ресей туристерін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бізді ортақ тарих, ортақ құндылықтар біріктіреді», - деді жиында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов. Қос мемлекет үшін табысты сала саналатын туризмді дамытудың нақты шаралары жайлы 9 қараша күні Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өтетін пленарлық отырыста айтылмақ. Екі мыңға жуық делегат қатысатын форумда үкіметаралық, өңіраралық және коммерциялық бағыттағы 30 құжатқа қол қою жоспарланған.