2017 жылғы 13 маусымда Байқоңыр қаласында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозиннің төрағалығымен «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
А. Мамин 2016 жылғы желтоқсанда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың РФ-ға жұмыс сапары барысында «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасына және «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және оның атқарушы билік органдарының мәртебесі мен қалыптастыру тәртібі туралы мемлекетаралық келісімнің ҚР мемлекеттік органдарының тізбесі бөлігіне өзгерістер енгізу туралы» хаттамаға қол қойғанын атап өтті.
«Бұл құжат стратегиялық сипатта және ұзақмерзімді перспективада біздің ғарыш айлағын бірлесіп дамыту және пайдалану, екі ел мүддесінде жаңа ғарыш жобаларын іске асыру, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамыту бағыттарын айқындайды», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
Үкіметаралық комиссия мүшелері Байқоңыр кешенінің жұмыс істеуінің, бірлескен жобаларды іске асыру, атап айтқанда, «Бәйтерек» ғарыш зымыраны кешенін құрудың өзекті мәселелерін шешуді көздейтін «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру барысын талқылады.
«Біз «Бәйтерек» жобасын іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды іске қосу мерзімін 2025-тен 2022 жылға ауыстыру бойынша ресей тарапының ұсынысын қолдаймыз», - деді А. Мамин.
«Тұжырымдама сондай-ақ Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын дамыту, қолайлы әлеуметтік-экономикалық орта, жаңа жұмыс орындары құру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, туризмді және т.б. дамыту бойынша шаралар кешенін қамтиды», - деді ол.
Отырыс барысында кешеннің пайдаланылмайтын нысандарын жалға алудан шығару және кәдеге асыру мәселелері қаралды. 2016 жылғы 20 желтоқсанда «Байқоңыр» кешенінің РФ пайдаланбайтын нысандарын кәдеге асыру бойынша пилотты жобаны іске асыру туралы шешім қабылданғандығы атап өтіледі.
Бұдан басқа, тараптар Байқоңыр қаласын дамытудың 2017-2025 жылдарға арналған бағдарламасы жобасын талқылады.
«Біз осы бағдарламаны әзірлеуге және қабылдауға баса мән береміз. Оны іске асыру инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа әлеуметтік, мәдени, өндірістік нысандарды құру арқылы қаланың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары және құжатты сапалы дайындауды және оны орындауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Осы жылғы үшінші тоқсанда Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы екіжақты құжатқа қол қоюды жеделдету шешімі қабылданды.
Сондай-ақ ҮАК отырысында қазақстандық тараптың қаланың дамуын қаржыландыру тәртібімен байланысты мәселелер қаралды.
Отырыс қатысушылары «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігі мәселелеріне баса назар аударды.
Келіссөздер барысында РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Д. Рогозин: «Біздің алдымызда Қазақстан мен Ресей арасындағы ғарыш саласындағы байланысты одан әрі дамыту ортақ міндеті тұр», - деді.
Өз кезегінде А. Мамин «Байқоңыр» кешенінің тиімді жұмыс істеуін ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмыс екі елдің ғарыш салаларын дамытуға, Байқоңырды әлемдік нарықта ғарыш айлағының заманауи бәсекеге қабілетті ғарыш қызметі ретінде сақтауға бағытталғанын атап өтті.