Фото:gov.kz
Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов Ресей Федерациясының премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан-Ресей басшылары өткен жылы іске асқан жобаларды талқылаған.
“Сіздерді Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Шарттың 20 жыл толуымен құттықтаймын. Ресей Қазақстан үшін әрдайым негізгі стратегиялық серіктес әрі сенімді дос болып қала бермек. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Ресей Президентінің Қазақстанға өткен жылдың қараша айындағы мемлекеттік сапары елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың одақтастық сипатын тағы да растады”, – дейді Олжас Бектенов.
ҚР Премьер-министрі екі ел үкіметінің міндеті – жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді толыққанды іске асыру, соның ішінде екіжақты сауда көлемін 30 миллиард долларға дейін ұлғайту екенін атап өтті.
Қазақстан өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың дамуына ерекше көңіл бөледі. Уфада өткен мерейтойлық ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындыларын оң бағалаймыз. Келесі ХХІ Форум биыл Қазақстанның Орал қаласында өтеді. Бұл формат жылдан жылға өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді және елдеріміздің өңірлері арасындағы конструктивті диалог орнатуда байланыстырушы буын болып отыр. Осы жыл түрлі бірлескен іс-шаралар мен өзара байланыстарға толы болады деп сенемін, – деді Үкімет басшысы.