04 қаз, 2016 сағат 10:26

Қазақстан мен Ресей бірлесіп «Автоваз» жобасын жүзеге асырмақ

Бүгiн Қазақстан мен Ресей өңiраралық ынтымақтастық форумы аясында ҚР Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев пен Ресейдің экономикалық даму министрi Алексей Улюкаев кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша министрлер қол жеткiзілген уағдаластықтарды бекiтетiн хаттамаға қол қойды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Бүгiн бiз сауда айналымын дамытуды көздейтiн жоспарға, яғни арнайы хаттамаға қол қойдық. Онда 45 шара көзделген. Бiрлескен iс-шаралар аясында экономиканың түрлi салаларында 4 млрд доллардың 27 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында «Еврохим», Өскемендегi «Автоваз», металлургия, агрөнеркәсiп салаларындағы жобалар бар. Биыл екi ел арасындағы сауда айналымын 700 млн долларға өсiрудi көздеп отырмыз. Одан кейiн көрсеткiштi дағдарысқа дейiнгi деңгейге жеткiзу жоспарда бар. Көршi елдер арасында сауда айналымы төмендегендiктен, 2016-2017 жылдарға арналған өзара сауданы кеңейтуге бағытталған шаралар тiзбесiнiң жобасы әзiрлендi», - дедi Қ.Бишiмбаев.

Министрдiң айтуынша, Қазақстан мен Ресейдiң сыртқы сауда айналымы бiршама төмендеген. Екi елдiң өзара саудасы 2014 жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға азайған. Бұл экономикалық жағдайға байланысты болып отыр. Қазақстандық тауар өндiрушiлерге Ресейге шығу қиын, себебi көршi елде Қазақстандағы сияқты тұтынушы сұранысы төмен. Жалпы, экономика тауарды аз тұтынатын болды. Сондықтан, көптеген проблемалар сауда кедергiлерiмен емес, ортақ экономикалық мәселелермен байланысты.

Ал Ресейдің экономикалық даму министрi Алексей Улюкаев қос ел арасында сауда бойынша ешқандай шектеу жоқ екенін айтты.

«Бiз сауда айналымын дамытуды көздеп отырмыз. Соңғы бiр жарым жылда екi ел арасында құлдыраған сауда көрсеткiшiн қалпына келтiрiп, сауданы әрi қарай дамытуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан ешқандай кедергi мен шектеу жоқ», - дедi А.Улюкаев.