ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінде ӨР Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kzхабарлайды.
Үкімет басшылары Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарын аралап көрді, сондай-ақ Жаңажол ауылдық округінің Нұрлыжол, Өргебас және Фирдоуси ауылдарында болып, су тасқыны салдарын жою аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға 1300-ден астам адам мен 220 бірлік техника, оның ішінде Өзбекстаннан 200-ден астам маман мен 100-ге жуық өрт сөндіру машиналары, экскаваторлар, тракторлар, су сорғыштар және басқа да техникалық құралдар жұмылдырылды.
Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент ауылында Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-Министрлері жаңа шағын ауданның құрылыс жоспарымен танысып, алғашқы тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты және тұрғындармен кездесу өткізді.
Барлығы Мырзакент кентінде су тасқынының салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасы үшін жеке тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен фельдшерлік пункттер салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын ҚР және ӨР мамандары бірлесіп жүргізетін болады.
А. Мамин мен А. Арипов Фирдоуси ауылындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын тексеріп, жергілікті халықпен кездесу өткізді.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындары жаңа немесе жөнделген баспанамен толық қамтамасыз етілетінін атап өтті. Олардың әрқайсысына республикалық бюджеттен 100 мың теңгеден беріледі. Сонымен қатар іскерлік топ өкілдері зардап шеккендерге демеушілік көмек көрсетеді.