Қазақстан Республикасы және Корея Республикасы Сыртқы саяси ведомстволары арасында Консулдық мәселелер жөніндегі консультацияларының 5-ші отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан делегациясын СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Тауболды Үмбетбаев, ал корей тарапын СІМ Шетелдегі кәрістер істері және консулдық мәселелері жөніндегі бюроның бас директоры Ву Ин Шик басқарды. Іс-шараға сондай-ақ екі елдің мүдделі құзыретті органдарының өкілдері де қатысты.
«Аталған консультациялар барысында екі елдің консулдық саласында туындаған бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореяның аумағына Қазақстан азаматтарын кіргізбей кері қайтару, заңсыз еңбек мигранттардың қалыптасуына жол бермеу және оның шешу жолдары, екі ел азаматтарының өзаралық негізде құқықтарын қорғау, шарт-құқықтық базаны кеңейту және тағы басқа екі тарапқа ортақ өзекті мәселелер талқыланды», - делінген хабарламада.
Консультациялардың нәтижесі бойынша тараптар жаднама жазбалармен алмасты.