1 қараша күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай мен Еуразияның еврей қауымдарын қолдауға бағытталған ұлттық коалицияның (NCSEJ) атқарушы директоры Марк Левин кездесті.
Іс-шараға ҚХА, NCSEJ басқармасының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан мен еврей қауымдастықтары арасындағы қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, этносаралық қатынастар саласындағы саясатты іске асыру, өзара қарым-қатынастар және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған түрлі іс-шараларды бірлесе ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың ұйысып, қоғаммен біте қайнаса күн кешуі қуантады. Достықты ту еткен қазақстандық үлгі мен тәжірибеге әлем елдері қызығады. Бұл жайында Еуразияның еврей қауымдарын қолдау ұлттық коалициясының атқарушы директоры Марк Левин Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбаймен болған кездесуде мәлімдеді. Жиынға түрлі этномәдени бірлестік өкілдері шақырылды. Олар этносаралық қатынастар саласындағы саясатты жүзеге асыру мен қоғамдық келісімді нығайтуға арналған шараларды бірлесе ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай: «Жалпы, үш мыңға жуық қоғамдық келісім кеңестері бар. Олар көптеген жұмыс атқарып жатыр. Тек қана әлеуметтік - тұрмыстық мәселелер ғана емес, барлық жағынан түсінбеушіліктерді шешуге еңбек етіп жатыр», - деді.
Өзара түсіністік жағдайында өткен кездесу барысында Қазақстан мен еврей қауымдары арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, этносаралық қатынастар саласындағы саясатты іске асыру, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру мәселелері сөз болды. ҚХА Төрағасының орынбасары меймандарды Ассамблеяның құрылымы туралы әңгімелеп, оның конституциялық мәртебесі бар орган ретінде саналатынынан да хабардар етті. Оның атап өтуінше, 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесі және еліміздің жоғары оқу орындарында 33 ҚХА кафедралары жұмыс істейді. «Бүгінде 1338 этномәдени бірлестік қызмет етіп келеді, олардың 29-ы республикалық деңгейдегі бірлестіктер, – деді Д.Мыңбай. – «Достық» үйлері және ұлттық театрлар да жұмыс істеуде. Оның үшеуі академиялық театрлар. Осының барлығы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық ынтымақ пен татулыққа ерекше көңіл бөлетінін білдіреді».
М.Левин алдымен өзі жетекшілік ететін құрылымның қызметімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл ұлттық коалиция КСРО тарағаннан соң өз тәуелсіздігін алған елдерде және Шығыс Еуропа мемлекеттерінде тұратын еврей қауымдарына қолдау көрсетумен айналысады. Бүгінде олардың көпшілігімен байланыс орнатқан.
«Қазақстандағы еврей қауымдары Президент, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан нақты қолдауға ие болып отырғанын көріп отырмыз», деді М.Левин.