29 мамыр күні Нұр-сұлтан қаласында қазақ-эстон үкіметаралық комиссиясының VI отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және көлік-логистика салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды. Басқосуға қатысқан ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев пен Эстония Республикасының экономика және инфрақұрылым министрі Таави Аас серіктестікті одан әрі бекіте түсуге ниетті екендіктерін жеткізді.
«Екі ел арасында белсенді диалог жолға қойылған, бірлескен ортақ жобалардың жеткілікті қоры бар. Қазақстан территориясында 72 эстониялық кәсіпорын болса, Эстонияда біздің 70 компаниямыз тіркелген. Әрине, ынтымақтастықты нығайту әлеуеті әлі де сезіледі және мен біздің комиссияның жұмысы осы мүмкіндіктерге көмектесетініне сенімдімін», – деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.
Ал министр Таави Аас болса, Қазақстанның Эстония үшін аса маңызды серіктес екенін тілге тиек етіп, өзара байланысты одан сайын күшейтуге сенім білдірді.
Сонымен қатар, аталған отырыста цифрландыру келешегіне, оның дамуына баса көңіл бөлінді. Сондай-ақ, цифрландыру саласы бойынша екіжақты келіссөздердің мүмкіндіктері қаралды.
Жоспар бойынша Қазақстан-Эстон үкіметаралық комиссиясының 7 отырысы 2020 жылы Таллинде өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан-Эстон үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) 2009 жылдың қыркүйегінде құрылған болатын. Ол экономикалық және ғылыми-техникалық ықтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұған қоса, бұл алаңда мәдени және гуманитарлық, көлік және логистикалық салалар қаралып, екіжақты келісімнің маңызды мәселелері талқыланады.