Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі отырысында 8 млрд доллардың келісімі рәсімделеді. Бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағдарымен контейнерлік жүк тасымалдау тұрақты артып, еселене түскендігін атап өтті. 2020 жылға қарай жүк тасымалының көлемі жылына 2 млн контейнерге жететігіне сенімді екендігін баса айтты.
«Осылайша Қазақстан маңызды транзиттік елге айналып келеді. Бұл - біздің мүддемізге сай», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытай іскерлік кеңесінің жұмысына да тоқталып өтті.
«Бүгін Астанада аталған кеңестің төртінші отырысы өтіп жатыр. Оның аясында қазір ғана сіздердің қатысуларыңызбен қол қойылған құжаттардан бөлек 8 млрд доллардың 20-ға жуық коммерциялық келісіміне қол қойылатын болады», - деді Қазақстан Президенті.