Футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 4-турында «Астана Арена» стадионында Словакия ойыншыларын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бір апта бұрын құрамалар Трнавада кездесіп, ол матчта қазақстандықтар 1:0 есебімен жеңген еді.
Бұл ойында ел құрамасы мықтылығын тағы бір мәрте паш етті. Есепті 18-ші минутта Ян Вороговский ашса, 39-шы минутта Эльхан Астанов көрсеткішті еселей түсті. Осылайша алғашқы таймның өзінде-ақ қарсылас қақпасына екі гол соқтық.
Екінші таймда Словакия бір голмен жауап қатты (Матуш Беро, 51-минут), сондай-ақ ойыншысы ереже бұзған соң екінші голы есепке алынбады. Ал одан кейін еуропалықтардың таразы басын теңестіруге шамасы жетпеді.
Ойын соңына қарай Ондрей Дуда дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылды. Қорытынды есеп - 2:1.
Бұл ойыннан кейін турнир кестесінде айтарлықтай өзгерістер бола қоймады. Қазақстан С дивизионының 3-тобында 10 ұпаймен көш бастап тұр.