29 нау, 2022 сағат 11:53

Қазақстан қосымша жүк паромдарын сатып алуы мүмкін


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Индустрия, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу шараларын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жылжымалы жүк вагондарының паркі жылдан жылға тозып келеді. Ал толыққанды теңіз сауда флотының болмауынан, теңіз логистикалық инфрақұрылымын толық қуатында пайдалана алмай отырмыз. Сондықтан Индустрия министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын», - деді ол Үкімет отырысында. 

Сондай-ақ, ол биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделетінін атап өтті.

«Индустрия министрлігі «Қазавтожол» компаниясымен бірге биылғы құрылыс маусымын барынша тиімді пайдаланып, жоспарланған 8 учаскенің барлығын іске қосуды қамтамасыз етсін. 

Транзиттік тасымал әлеуетін арттыру үшін шекарадан өту кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайту қажет. Кедендік-шекаралық рәсімдерді мүмкіндігінше жеңілдету керек», - деді Премьер-Министр.