Тунистің Хаммамет қаласында өткен Дүниежүзілік телекоммуникация және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар симпозиумында Халықаралық электробайланыс одағының (ХЭО) 2017 жылғы «Ақпараттық қоғамды өлшеу» туралы есебі ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" zerde.gov.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталған есепке сәйкес, Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) дамыту индексі бойынша әлемнің 176 елінің ішінде 52-ші орында тұр.
Рейтингтің алғашқы үш орнына - Исландия (8,98), Корея (8,85) және Швейцария (8,74) орналастырылған.
Бұл ретте, Қазақстан ТМД аумағы бойынша Беларусь (32-орын) пен Ресейден (45-ші) кейінгі үшінші орында.
ХЭО сарапшыларының мәліметі бойынша, Қазақстанда ұялы байланыстың инфрақұрылымы жоғары дамыған. Сондай-ақ елімізде ТМД-ның өзге елдерімен салыстырғанда мобильдік кең жолақты байланыстың ену деңгейі ең жоғары.
Сонымен қатар Қазақстан компьютерлерге қолжетімділік пен Интернетті пайдалану саласында аймақтық көшбасшы болып табылады.
Айта кетейік, аталған индекс 2009 жылдан бері жыл сайын жарияланып келеді. АКТ дамуының индексі (IDI) үш негізгі компоненттен тұрады: АКТ-ға қолжетімділік, АКТ-ны пайдалану және АКТ дағдылары.