08 жел, 2025 сағат 16:00

Қазақстан киік мүйізіне қатысты нөлдік экспорттық квотаны алып тастады

Фото: ашық дереккөз

Самарқандта 24 қараша – 5 желтоқсан аралығында өткен CITES Конвенциясы Тараптарының 20-конференциясында Қазақстан популяциясынан шығатын киік мүйізіне қойылған нөлдік экспорттық квота ресми түрде алынып тасталды. Бұл шешім киікті заңды әрі қатаң бақылауда пайдалану кезеңіне өтудің жаңа сатысы деп бағаланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Ұлттық ұстанымды қорғау үшін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың басшылығымен кеңейтілген қазақстандық делегация жұмыс істеді. Оның құрамына Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Зоология институты, «Охотзоопром» республикалық кәсіпорны, АСБК, сондай-ақ ұлттық цифрлық таңбалау жүйесін әзірлеуге сараптамалық қолдау көрсеткен Tabiǵi Orta мен «Қазақтелеком» АҚ өкілдері кірді.

Конференцияның 5 желтоқсандағы жабылу рәсімінде CITES Бас хатшысы Ивонн Игуэро Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтірудегі ерекше табысын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі киік саны тарихи минимум – 21 мың бастан 4 миллионнан астамға дейін көбейіп, түрдің ұзақ мерзімді тұрақтылығына сенім арттырған. Осы нәтиже Қазақстанға дериваттармен халықаралық сауданы сақтық режимінде қайта бастауға мүмкіндік берді.

Нөлдік квотаны алып тастау — киікті тек қорғауға бағытталған модельден ғылыми негізделген тұрақты пайдалануға көшу. Бұл ретте сауда толық бақылауда және экожүйеге зиян келтірмейтіндей жүзеге асатын болады. Қазақстан мүйіз экспорты арқылы түсетін кірісті биоалуантүрлілікті сақтау, экожүйелерді қалпына келтіру және мониторингке бағыттау міндеттемесін растады.

Конференция барысында Қазақстан делегациясы 31 екіжақты кездесу өткізіп, Азия, Африка және араб елдері топтарының алаңдарында өз ұсынысын қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Кеңес беру процесінің ашықтығы мен дәлелділігі Қазақстанның халықаралық позициясын нығайтуға ықпал етті.

Дауыс беру қорытындысы бойынша 111 мемлекет (94%) Қазақстан ұсынысын қолдап, 7 ел қарсы шықты.

Қазақстан тарапы киік популяциясын тұрақты басқару Куньмин–Монреаль биоалуантүрлілік бағдарламасының негізгі міндеттерімен сәйкес келетінін атап өтті: экожүйелер тұтастығын сақтау, тозған жайылымдарды қалпына келтіру және жабайы фаунаны орнықты пайдалану.