ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан кеншілерінен ұжымдық хат келіп түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елбасының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, кеншілер өз хатында кәсіби мерекемен құттықтағаны және тау-кен саласын дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін Н.Назарбаевқа алғыс білдірген.
«Аса қадірлі Елбасы! Кәсіби мерекемізбен құттықтаған жылы лебізіңіз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Сіздің егемен еліміздің тау-кен саласын дамытуға әрқашан ерекше көңіл бөлетініңіз қуантады. Қазақстанның барлық кеншілері халықтың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамаларыңызды толық қолдайды. Біз, еңбек адамдары, әрқашан Көшбасшымыз – Сіз үшін және Отанымыз – Қазақстан үшін қорған боламыз. Біз Сіздің салиқалы басшылығыңыздың арқасында еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін бағалаймыз», - делінген хатта.
Сондай-ақ кеншілер Қазақстанда барлық жағдай жасалғанын айтқан. Мәселен, сапалы жолдардың болуы, жастар үшін тұрғын үйлердің салынуы, олардың еліміздің және дүниежүзінің ең үздік оқу орындарында білім алу мүмкіндігі, медицинаның дамуы атап өтілген. Ең бастысы, адамдарға жұмыс істеуге және табыс табуға мүмкіндік мол.
«Қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, біз әрқашанда Сізге және елімізге адал болдық. Дәл Сіздің, Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстанды ғаламат биіктерге жетелейтініңізге кәміл сендік. Бүгін Сіздің өлшеусіз еңбегіңізге шексіз ризамыз.Сіз біздің Көшбасшымыз, біздің – Елбасымызсыз! Туған жеріміздегі бейбіт аспан мен тұрақтылықтың игілігі үшін біз әрдайым Сіздің артыңыздан ере беретін боламыз!», - делінген жеделхатта.