фото: pixabay
Қазақстанда жер учаскелеріне құқық берудің электрон форматы енгізілгеннен кейін жер комиссиялары институты алып тасталады. Мұндай заң жобасын Сенат қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүліктің кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Заң жобасының мақсаты жер қатынастары, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу және қала құрылысы саласындағы заңнаманы цифрландыру және осы салалардағы мемлекеттік қызметтерді электрон форматқа көшіру арқылы жетілдіру болып табылады.
Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың жерлері шегінде жер, құқық, қала құрылысы кадастрларынан цифрлық ақпарат және мемлекеттік органдардың өзге де мәліметін көрсететін жария кадастрлық карта арқылы "электрондық үкімет" веб-порталынан жер учаскелеріне құқық берудің электрон форматы енгізіледі.
"Осы аумақтарда жер учаскесіне құқық беру процесін автоматтандыруға байланысты жер комиссиясының институты, сондай-ақ уәкілетті органдардың жер-кадастрлық жоспарды әзірлеуі және бекітуі алып тасталады", - делінген заң жобасында.