05 мау, 2024 сағат 09:50

Қазақстан Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтатуды қолдайды


Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыру жөніндегі бастамасына қатысты түсініктеме берді. 

Қазақстан халықаралық қауымдастықтың Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерін барынша қолдайды.

«Ақ үйдің Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату, кепілге алынған адамдарды босату, гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен Газа секторын қалпына келтіру жайлы негізгі ережелерден тұратын бейбітшілік бастамасын құптаймыз.
Ұсынылған шаралар жүзеге асырылған жағдайда, олар бейбіт тұрғындардың қазасы мен құрбандар санын тоқтатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірде бейбітшілік орнауының алғышарты бола алады деген үміт білдіреміз», — деп жазды ведомстводан.


Еліміздің СІМ ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасы Шығыс Иерусалим деп белгіленген Палестина мемлекетін құру туралы Қазақстанның мызғымас ұстанымын растаған.