Қазақстанда ағымдағы жылдың басында Интернеті бар 16 млн ұялы байланыс абоненті болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға артық.
Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 7,8%-ға өсіп келеді. Интернеті бар ұялы байланыс абоненттерінің саны еліміздің 100 тұрғынына шаққанда 85 бірлікті құрады, бұл - барлық уақыттағы ең үздік мән, деп хабарлайды Ranking.kz сайты.
Елімізде тіркелген Интернет абоненттерінің саны бір жылда 5,1%-ға, 2,6 млн абонентке дейін артты. Осылайша, барлық сегменттерде интернет желісін пайдаланушылар санының айтарлықтай өсуі байқалады. Бүгінгі таңда Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды.
Қазақстандағы мобильді интернетке тарифтер салыстырмалы түрде жоғары емес. Әлемдік рейтингте Қазақстан интернеті ең арзан 10 елдің қатарына кіреді.
2020 жылы еліміз барлық дамыған мемлекеттерден озып, әлемде 6-шы орынға ие болды. Елдегі 1 гигабайт интернет үшін орташа есеппен 0,46 АҚШ доллары төленеді. Рейтингте барлығы 228 елдің бағалары зерттелді. Егер Қазақстанда 20 гигабайт интернет үшін ел тұрғыны орташа есеппен 9,2 АҚШ долларын (3 840,4 теңге) төлесе, көрші Ресейде — 10,3 АҚШ долларын (4 299,6 теңге), Ұлыбританияда — 27,9 долларды (11 646,5 теңге), Германияда — 81,2 долларды (33 895,9 теңге), АҚШ-та — 160 долларды (66 789,8 теңге), Швейцарияда — 167,5 долларды (69 920,7 теңге), Грекияда 241,3 доллар (100 727,5 теңге) төлейді.
2020 жылы интернет коммуникацияның негізгі құралына айналды, интернет қызметтеріне сұраныс пен желіге қолжетімділік айтарлықтай өсті. Қазақстандағы трафиктің өсуі операторлардың деректері бойынша 34%-дан (Tele2) 63%-ға (Beeline) дейін құрады. Бағалар осы мәнге көтерілуі мүмкін деп болжау қисынды, бірақ бұл болған жоқ.
Жалпы, Интернетке қол жеткізу құны елдің ауқымына (ауданына) тікелей пропорционалды. Яғни елдің географиялық ауқымы неғұрлым зор болса, бүкіл аумақты қамтамасыз ету соғұрлым қымбатқа түседі және сәйкесінше пайдаланушылар үшін интернеттің құны соғұрлым жоғары болуы керек.
Қазақстандағы жағдай басқаша: елдің осындай үлкен аумағына шаққанда инвестиция өте көп, абоненттер үшін түпкілікті баға төмен. Желіні салу кезінде пайдаланылатын жабдық шетелде өндіріледі, бұл қазақстандық валютаның әрбір девальвациясымен телеком-индустрия үшін одан да қымбат болады дегенді білдіреді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Ақпарат және байланыс саласына барлық уақытта инвестициялардың ең көп көлемі бағытталды: 140,9 млрд теңге — 2019 жылмен салыстырғанда 37,2% - ға артық. Тікелей ұялы байланыс операторлары да күрделі шығындарды көбейтті. Күрделі шығындардың ең көп көлемі (CAPEX) Beeline-да байқалады: 2020 жылдың қорытындысы бойынша сома 61,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,5%- ға артық. Өз кезегінде, Kcell-де күрделі шығыстар 26,8 млрд теңгеге дейін өсті (бір жыл бұрын-20,2 млрд теңге). Ұялы байланыс операторларының инвестициялары негізгі өндірістік құралдар мен жабдықтарға, сондай-ақ бағдарламалық жасақтама мен лицензияларға бағытталған.