30 қыр, 2020 сағат 07:10

Қазақстан ғалымдары дәрі-дәрмектің дозасын дәл есептейтін ДНҚ-тест әзірледі

Қазақстан ғалымдары дәрі-дәрмектің жеке дозасын дәл есептейтін ДНҚ-тест әзірледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ұлттық биотехнология орталығының ұжымдық пайдаланудағы ұлттық ғылыми зертханада биология ғылымдарының кандидаты Елена Жолдыбаеваның жетекшілігімен Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу кезінде кеңінен тағайындалатын «Варфарин» және «Плавикс» тромболитикалық препараттарының жеке дозасын таңдауға арналған жедел ДНҚ-тест әзірленді. Әзірленген ДНҚ-тест пациенттің генетикалық талдауы негізінде дәрі-дәрмектің жеке дозасын дәл есептеуге мүмкіндік береді», - делінген Ғылым комитеті таратқан ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, бұл препарат мөлшерден тыс дозалану қаупін айтарлықтай азайтады және тағайындалған дозаның жеткіліксіздігіне байланысты тиімсіз емді жояды.

Тест-жүйенің бірегейлігі – ол Қазақстанның кез келген диагностикалық зертханасында бар қолжетімді жабдықпен (нақты уақыт режиміндегі амплификатор) үйлеседі. Ал алыс шетелдерде осыған ұқсас жүйелер қымбат тұратын ДНҚ-чиптерді қолдану арқылы жұмыс істейді.

Қазіргі таңда ДНҚ-тест Нұр-Сұлтан қаласы ауруханаларында емделіп жатқан науқастар үшін қолданылады. Ғалымдар бүкіл Қазақстанды қамтуды және өнеркәсіптік ауқымда ДНҚ тестерін жеткізуді жоспарлап отыр.