07 қар, 2023 сағат 14:26

Қазақстан ешкімнің артқы ауласы емес – Жұманғарин

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Үкіметте Bloomberg агенттігінің мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Bloomberg агенттігі Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары жөнінде «Макрон уран мен жаңа достарын табу үшін Путиннің артқы ауласына келді» (Macron Lands in Putin’s Backyard Seeking New Friends and Uranium) мақаласын жариялаған еді.

Қазақстандықтар ондағы «Backyard» сөзін «артқы аула» немесе «қора» деп аударып, агенттікке шүйліккен.

«Қазақстан ешкімнің артқы ауласы емес, бұл – тәуелсіз мемлекет, көп жылдық тарихы бар Мәңгілік ел. Жақында Түркістанда үкіметаралық комиссия өткізіп, ресейлік әріптестерімді шақырған едім. Осыдан кейін Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бардық. Экскурсия жетекшісі Ақсарайда сол кездегі ханның I Петр елшілерін қабылдағанын айтып берді. Сонда ресейлік әріптестерім Қазақстан тарихы туралы ештеңе білмейтінін мойындады. Біз Түркістан мен Мәскеу арасында тікелей рейс ашуға уағдаластық. Керуен сарайдағы 8 D форматтағы ұшатын театрды көрсеттік. Мұнда қандай артқы аула туралы сөз болуы мүмкін? Кім кімнің ауласы? Бәрі бос әңгіме», - деп жауап берді Жұманғарин тілші сұрағына.

Сонымен бірге, вице-премьер Қазақстанның ЕАЭО-ға мүшелігі жөнінде әңгімеледі. Еуразия кеңістігінде көптеген мәселе шешіліп жатқанын жеткізді.

«Qazaq Air әуе желісі Челябі мен Новосібірге ашылып жатыр. Мұның бізге не жамандығы бар? Біздің шикізатымыз батысқа жаңа өткізу пункттері арқылы өтеді деп келістік. Енді Ресей Балтық порттары арқылы біздің көмірге жеңілдіктерді қарастырып жатыр. Қосымша төрт өткізу пунктін ашуға және болашақта барлық шектеуді алып тастауға келісіп отыр. Көріп отырғаныңыздай, бұл біздің күнделікті сауда-экономикалық қызметіміздің практикалық мәселелері. Бір елден бір нәрсені көбірек сатып алатынымыз біреудің «ауласы» екендігімізді білдірмейді. Бізге керек болған соң, сатып аламыз. Бұл тұрғыда ешкім бір қадам артқа шегінбейді. Біздің өкілдеріміздің арасында аула да, төмен деңгейлі адамдар да жоқ», - деп түйіндеді Жұманғарин.