16 ақп, 2021 сағат 06:28

Қазақстан экономикасының нақты секторы 3,6 пайызға өсті

2021 жылдың қаңтарында Қазақстан экономикасының нақты секторы 3,6 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2021 жылы әлемдік экономиканың даму перспективасы айқын емес. Бірқатар перспективалы вакциналардың әзірленуіне қарамастан, пандемиямен байланысты тәуекелдер сақталуда. Жеке сектордың 2020 жылы капиталды жоғалтуы, осы жылы әлемдік сауданың қалпына келу перспективаларын шектейді. Өткен жылғы инвестициялық ағындардың рекорд төмендеуі, әлемдік экономиканың потенциалды өсуінің орта мерзімді тежеуші факторы болады. Ірі әлемдік экономикалар арасындағы қарама-қайшылықтың созылуы әлемдік өндіріс құрылымын одан әрі қайта бөлуге әкеледі. Жаһандық экономиканың аталған даму перспективаларын негізге ала отырып, ауқымды вакцинациялаудың тиімділігіне байланысты, Дүниежүзілік банктің қаңтардағы болжамында 2021 жылы әлемдік экономиканың 1,6 пайыздан 5 пайызға дейінгі даму сценарийлері айқындалды», - деді ол. 

Осы ретте министр 2021 жылдың бірінші айдың қорытындылары бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелеріне тоқталды. 

«Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектор 3,6 пайыз деңгейінде өсу көрсетті. Сондай-ақ, негізгі капиталға инвестициялар кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, 25,5 пайызға өсті. Бұл алдағы уақытта экономиканың тұрақты өсуіне негіз болады. Жылдық инфляция 7,4 пайызға дейін баяулады. Кен өндіру өнеркәсібінен басқа, нақты сектордың барлық салалары өсім көрсетті. Олар - құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салалары. Көрсетілетін қызметтер саласының тұрақтануы байқалады. ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты мұнай өндірудің 12,3 пайызға қысқаруы кен өндіру өнеркәсібінің төмендеуіне әкелді», - деді Әсет Ерғалиев. 

Оның дерегінше, өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу жалғасуда. Машина жасау 16,2, оның ішінде автомобиль жасау – 21,2, химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру – 12,8 және құрылыс материалдары өндірісі – 11,8 пайыз деңгейінде жоғары өсу қарқынын сақтады. Сондай-ақ, киім өндірісі 9,2 және фармацевтика өндірісі 4 пайызға өсті. 

«Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінің өсуі 3 пайызды құрады. 11 өңір өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсімді Шығыс Қазақстан Қостанай, Ақмола облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы көрсетті.Өндірістің төмендеуі 6 өңірде тіркелді. Олар - Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Павлодар облыстары», - деді министр.