08 ақп, 2019 сағат 15:24

Қазақстан дизель отыны экспортына шектеу қояды - Қанат Бозымбаев

Қазақстан дизель отыны экспортына шектеу қояды. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дизель отыны тапшылығына жол бермеу мақсатында министрлік бүгінгі күні елден тысқары аумаққа дизель отынын шығаруға уақытша шектеу қоюды қарастыратын бұйрық әзірледі және ол келісім кезеңінде тұр», - деді министр.

Оның айтуынша, 2018 жылы еліміздің жанармай құю стансаларында дизель отыны бағасының өсуі байқалған. Мұндай жайтқа көктемгі-күзгі кезеңдерде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отынын көп пайдалануы, транзитттік тасымал көлемінің артуы, сонымен қатар импортқа тәуелділіктің сақталуы себеп болған.

«Тағы бір себеп - ЕАЭО елдерінде, таяу көршілерде дизель отыны бағасының айтарлықтай жоғары болуы. Мұндай жағдайда отынның көрші елдерге ағылуы, соған байланысты бағаның жоғарылауы - түсінікті жайт», - деді Қ.Бозымбаев.

Сонымен қатар, министр 2018 жылдың  басында АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек бағасының төмендегені байқалғанын айтты.

«Ал осы жылдың ақпанында АИ-92 бензинінің ең төменгі бағасы Алматы қаласында 139 теңгені құрады», - деді ол.