26 сәу, 2019 сағат 15:19

Қазақстан бокстан Азия чемпионатында екі алтын алды

Бангкокте (Таиланд) аяқталған бокстан Азия чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) пен Бек Нұрмағанбет (81 кг) алтын медаль алды. 26 сәуірде өткен финалда Құлахмет үндістандық Ашим Кумарды, Нұрмағанбет филиппиндік Джон Нобель Марвинді жеңді.

60 келіде бокстасқан қазақстандық Закир Сафиуллин финалда моңғолиялық Цендбаатар Эрденебаттан жеңіліп, күміс алды. +91 келіде Қамшыбек Қонқабаев өзбекстандық Баходир Жалоловтан ұтылып, екінші орын иеленді.

Қазақстандық үш боксшы Теміртас Жүсіпов (48 кг), Санатәли Толтаев (64 кг), Рио олимпиадасында күміс медаль алған Василий Левит (91 кг) Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақстан Бангкок қаласындағы жарыста 2 алтын, 2 күміс, 3 қола иеленді.

Қазақстан бокс құрамасы 2017 жылғы Азия біріншілігінде 1 алтын (Василий Левит чемпион болған), 3 күміс, 4 қола медаль алған еді. Бокстан келесі Азия чемпионаты 2021 жылы өтеді. Жарысты қай қала ұйымдастыратыны белгісіз.