Жақында Азия елдері бойынша электрондық үкіметтің даму рейтингі жарияланды. 2018 жылдың қорытындысында Қазақстан үздік 10 елдің қатарына еніп, 8 орыннан көрінді.
Е-үкімет даму индексі мемлекеттегі электрондық үкіметтің дамуын көрсетеді. Сондай-ақ, ақпараттық технологияларды қалай қолданатынымен өлшенеді.
Отандық БАҚ-тың жазуынша, жаһандық рейтингке Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сынды цифрлық тұрғыдан көшбасшы елдер қатысқан. Осылайша, Азия елдері бойынша электронды үкіметтің даму индексіндегі алғашқы 10 мемлекеттің қатарына Оңтүстік Корея (1), Сингапур (2), Жапония (3), БАЭ (4), Бахрейн (5), Израиль (6), Кипр (7), Қазақстан (8), Кувейт (9), Малайзия (10) елдері кіреді.
Электрондық үкіметтің дамуы «ақылды қала» концепциясының толықтай жүзеге асуы үшін маңызды. Қазіргі таңда «ақылды қала» жобасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақкөл, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында жүргізіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы smart city концепциясына сәйкес, қауіпсіздік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласына басымдық берген. Ал smart Almaty бойынша транспорт пен басқару жүйесі біртіндеп цифрлық форматқа көшуде.
Еске сала кетсек, электрондық үкіметті құру идеясын алғаш рет 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметті ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, қолжетімді ету, ел тұрғындарының мемлекеттік басқару процесіне қатысу деңгейін көтеру және мемлекеттік қызметтің ішкі тиімділігі мен сапасын арттыру. Ал қазіргі таңда мемлекеттік қызметті ел тұрғындарына жылдам жеткізуді көздеп отыр. Осыған орай, бүгінде Қазақстан халқы небәрі 15 минуттың ішінде заңды тұлғаны тіркеу, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болды.