29 қар, 2022 сағат 13:22

Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер қазақ тілі мен Конституцияны білуге тиіс


Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасы қалай жетілдірілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біріншіден, Қазақстанның азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді, біздің тарихымыз бен Конституциямызды қарапайым деңгейде білуге міндетті болады. Екіншіден, қос азаматтық фактілеріне жауаптылықты қатаңдату көзделіп отыр", - деді Ахметжанов Үкімет отырысында.

Егер адам Қазақстан азаматының жеке басын растайтын құжаттарды алғаннан кейін басқа елдің азаматтығын растайтын құжатты пайдаланса, көші-қон қызметі оны Қазақстан азаматтығынан айырады.

Сондай-ақ егер адам азаматтықты алғаннан кейін 6 ай ішінде бұрынғы елдің азаматтығын тоқтататыны туралы анықтама ұсынбаса, олар да Қазақстан азаматтығынан айырылады.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамада мұндай шаралар қарастырылмаған.