31 нау, 2018 сағат 23:58

"Қазақстан аруы-2018" анықталды

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан аруы 2018» ұлттық байқауының жеңімпазы анықталды. Сонымен, «Қазақстан аруы» атағына Атырау өкілі, 16 жастағы Альфия Ерсайын лайықты деп танылды. Ол бүгінде Атырау гуманитарлық коледжінің студенті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан аруы» байқауында бақ сынау үшін Астанадағы финалдық кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен 30 бойжеткен жиналды. Байқау барысында қазылар алқасы финалға шығатын тек 5 аруды іріктеді. Олардың арасында Динара Баймұратова (Семей,17 жаста), Сабина Әзімбаева (Алматы, 18 жаста), Маймуна Күлкешева (Астана, 19 жаста), Альфия Ерсайын (Атырау, 16 жаста), Екатерина Дворецкая (Карағанды, 19 жаста) бар.

Бұдан кейін еліміздің бірінші аруын дәстүрлі түрде Қазақстан халқы тікелей эфир арқылы өткізілетін онлайн және СМС дауыс беру арқылы таңдады. Нәтижесінде, басым дауыс жинаған «Қазақстан аруы-2018» байқауының жеңімпазы атанды.


Бірінші вице-мисс атағын  Е. Дворецкая алса, екінші вице-мисс болып М. Күлкешева танылды. Үшінші вице-мисс атағына Д. Баймұратова ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық финалды Жаңа жыл қарсаңында өткізудің қалыптасқан дәстүріне қарамастан, биыл «Қазақстан аруы» алғаш рет ұлыстың Наурыз мерекесі күндерінде өткізілді. 22 наурыздан бастап «Қазақстан аруы - 2018» ресми сайтында байқау финалистеріне дауыс беру басталған еді.