Фото: Tengrinews.kz
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Қарағанды шахтасындағы апат үшін инвесторды жауапкершілікке тарту мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Осы факті бойынша өнеркәсіптік әрі техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуына жауапты адамдар, сондай-ақ тергеу органдары тиісті тексеру жасап жатқаны белгілі. Осы трагедия бойынша әрекеттерде құқық бұзу белгілері анықталса, онда тергеу нәтижесіне қарай жауапкершілік қарастырылады. Әрине, жауапкершілік бар, бірақ оның қандай сипатта болатыны тергеу амалдарынан кейін айқындалады», – деді Мұқанова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Тілшілер вице-министрден: «Шетелдік азаматты (инвесторды - еск.) қылмыстық жауапкершілікке тартып, түрмеге жабу техникалық тұрғыдан мүмкін бе?», – деп сұрады.
«Жалпы, Қылмыстық кодексте қылмысты Қазақстан Республикасының азаматы немесе шетел азаматы жасады деп бөлмейді. Мәселен, Қазақстан аумағында шетелдік азамат басқа адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірсе, онда ол Қылмыстық кодекстің баптары бойынша жауапкершілікке тартылады», — деп түсіндірді Алма Мұқанова.
Еске салайық, 28 қазан күні түнгі сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт тұтанып, артынан жарылыс болды. Жер астында жұмыс істеп жатқан 252 кеншінің 206-сы өз бетімен көтерілді.
Ауруханаларға 28 адам жеткізілді.
Бүгін, 31 қазанда 45 кеншінің денесі және қаза тапқан 46-шы адамның дене бөлшектері табылғаны мәлім етілді.