Фото: Elevatorist.com
Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесу кезінде қазіргі әлемдік ахуалға тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
"Көптеген сарапшылар әлемнің соңғы ондаған жылда болмаған ең ауыр экономикалық дағдарыс табалдырығында тұрғанын ескертуде. Алпауыт мемлекеттер арасында басталған «тариф майданы» өндіріс пен сауда тізбегін бұзып, нарықтарды құлдырауға ұшыратты, сондай-ақ шикізат бағамының тұрақсыздануына алып келді. Бұл жағдайдың барлық елдерге, соның ішінде Қазақстанға да әсер ететіні сөзсіз", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан экономикалық ахуалға байланысты Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді.
"Жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан біз экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюға күш салудамыз. Алайда дүрлігуге негіз жоқ. Біз сын-қатерлерді өзіміздің басым бағыттарымызға сүйене отырып еңсеріп келеміз. Сыртқы қолайсыз факторларға қарамастан, еліміз даму жолын жалғастыра береді", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен жүзеге асырылып, экономикалық өсім қарқыны мен инвестиция көлемі төмендемейді.
"Дағдарыс – басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетін тексеретін уақыт. Бұл жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады. Біз ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін барлық сын-қатерге дайын болуымыз қажет. Жұмысты байыппен әрі сенімді түрде атқаруымыз керек", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары елдің экономикалық тұрақтылығын сақтауға бағытталған маңызды қадам болмақ.