Қазақстан АҚШ-тың Әйелдердің жаһандық дамуы мен өркендеуі жөніндегі бастамасын қолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2021 жылғы 8 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова АҚШ-тың Әйелдердің жаһандық мәселелері жөніндегі мемлекеттік департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Келли Экельс Карри ханыммен кездесті.
Кездесуде АҚШ үкіметінің «Әйелдердің жаһандық дамуы мен гүлденуі» (WGDP) бастамасы шеңберінде Қазақстан мен АҚШ-тың әйелдердің экономикалық құқықтарын ілгерілету жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстан бұл бастамаға 2020 жылғы 23 қазанда ресми түрде қосылып, БҰҰ-ға мүше 31 елден тұратын негізгі топтың мүшесі болды.
WGDP бастамасы дамушы елдердегі 50 млн әйелдің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін әйелдердің экономикалық өмірге қатысуы үшін құқықтық кедергілерді жою жолымен 2025 жылға дейін кеңейтуге бағытталған.
Бұл әлемдік экономиканың өсуін ынталандыратын, сондай-ақ оның тұрақтылығын нығайтатын болады.
Лаззат Рамазанованың пікірінше, ынтымақтастықтың алғашқы қадамы әйелдерді кәсіпкерлік дағдыларға, көшбасшылыққа оқыту және әйелдердің экономикалық белсенділігі үшін кедергілерді жою бойынша семинарлар өткізу болуы мүмкін.
«Әйелдер үшін қолжетімді несиелік желілерді қамтамасыз ету, онлайн-сауда платформаларын және кәсіпкер әйелдердің әлемдік озық практикаларының бірыңғай базасын құру мәселелерін пысықтау өзекті әрі маңызды қадам болмақ», - деп атап өтті кездесуде ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова.
Ұлттық комиссия басшысы бүгінде қазақстандық әйелдер шағын және орта бизнесте жетекші орынға ие екенін атап өтті. Олар 500 мыңнан астам компания басқарады, бұл елдің белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлерінің жалпы санының 43% құрайды.