04 шіл, 2023 сағат 13:57

Қазақстан АИ-95 маркалы бензинді Ресейден импорттайды

© Photo: Qazaq oil баспасөз қызметі

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АИ-95 маркалы бензинді Ресейден импорттау үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, бүгін таңғы 09.00-дегі жағдай бойынша елімізде АИ-92 бензинінің 23 күнге, ал АИ-95 бензинінің 15 күнге жететін қоры бар. Дизель отынының қоры 29 күнге жетеді.

"АИ-95 маркалы бензинді импорттауға тура келеді. Өйткені Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу, Атырау МӨЗ-дегі апатты жөндеу жүріп жатыр, ал Шымкент МӨЗ АИ-95 бензині өндірісін төмендетті. Осыған байланысты ішкі нарықты қамтамасыз ету Ресейден импорттаудың арқасында ғана мүмкін болады деп отырмыз. Тиісті келіссөз жүргізіп жатырмыз", - деді Сәтқалиев Үкімет кулуарында.

Ол АИ-95 бензинін айына 40 мың тоннаға дейін импорттау қажет екенін атап өтті. Айтуынша, Газпромнефть импорттық АИ-95 маркалы бензинді жеткізуді бастап кеткен.