Фото: Pexels.com
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында 2025 жылы ғарышқа отандық зымыран ұшыру жоспарда тұрғанын айтты.
«Бәйтерек» Қазақстан зымыран кешенінің жобасы туралы айтсақ, жұмыс қайта жанданды. Бірінші «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Коммерциялық бағытта зымыран ұшыру 2028 жылға жоспарланған. Үш жыл бойы тестілеу режимінде зымырандар ұшырылады», - деді ол.
Министрдің сөзінше, қазір отандық зымыранды ғарышқа шығару мәселесі жан-жақты пысықталып жатыр.
«Отандық зымыран тасығыш ғарышқа тәуелсіз жол ашу құралын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір зымыран тасығыштың компоненттері мен материалдарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Зымыранның қоспа отынының прототипі жасалды. Метеорологиялық зымыранды ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Аса жеңіл зымыранды сынақтан өткізу 2023 жылға белгіленген», - деді Жаслан Мәдиев.
БҰҰ-ның тәуелсіз бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында алға ілгерілеп келеді. Қазақстан «Электронды үкіметтер» индексінде 163 елдің ішінде 24 орын алып, «онлайн қызметтер» индексінде үздік ондыққа кірді.