24 жел, 2021 сағат 18:30

Қазақ тілінің ұлттық кіші корпусы жасалды



Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ тілі ұлттық корпусы  публицистикалық мәтіндер кіші корпусының тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елімізде қабылданған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының құрамында тіл саясатын іске асыруды көздейтін арнаулы бағыттың бірі - қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндер кіші корпусы.

Лингвистикалық корпус – тілдік құбылыстарды (әсіресе сөз, фразаларды) іздеуді жеңілдететін белгілі бір тілдегі жазбаша және ауызша мәтіндердің электронды түрде жинақталған ақпараттық-анықтамалық базасы. Ол іздеу нәтижесін табиғи контексте көрсетеді.  Корпустың мақсаты – тіл ресурстарын жинақтап, тілді нормаландыру, жүйелендіру, нәтижесін көпшілік тұтынушыға пайдалануға ұсыну.

Корпустың тұсаукесер рәсімін Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба ашты. Ол өз сөзінде «Алдағы уақытта қазақ тілі ұлттық корпусы мәтіндік базасының көлемін арттырамыз. Корпус – дегеніміз белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Ұлттық корпустар тілді ана тілі немесе шеттілі ретінде үйрету үшін де маңызды» - деді.

Таныстырылым барысында жоба жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова «Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманың қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады. Ұлттық корпус алдымен тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет. Қазіргі технологиялық дамудың арқасында ақпаратты іздеуді оңтайландырды» - деп сөзін түйіндеді.

Ал публицистикалық мәтіндер корпусы бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын бір базаға жинақтап, оның теориялық және қолданбалы зерттеулерге пайдалануға, түрлі сөздіктер құрастыруға, тілді оқытуда қолдануға ыңғайлы әрі қолжетімді етеді. Бұл корпусқа «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Түркістан» газеттерінің соңғы жылдардағы материалдары дереккөз ретінде алынды.

Жобаны Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірледі. 

Жоба жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова, ІТ жабдықтау бойынша жетекшісі – Мөлдір Бақытқызы.  Жоба жұмысына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университеті, Байішев университеті, «Minialgo» ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС-ы  мамандары қатысты.

Ұлттық корпус – қазақ тілінің бір жүйеге тоғыстырылған барша тілдік материалдарының базасы болуымен бірге мемлекеттік тілдің  виртуалды кеңістіктегі қолданысын, семантикалық кеңістігін кеңейтудің, ақпараттық таралымын арттырудың, тілдік ресурсты жаппай қолжетімді етудің тетігі.

Цифрландырылған жүйе түріндегі қазақ тілдегі мәтіндер базасы –  ұлттық тіліміздің өмір сүруінің белгілі бір кезеңінде әдеби тіл стильдерінің, тілдік қолданыстардың барлық түрлерін жинақтап, тұтынушыларға жеткізуші ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе.

Ісшараға ғалымдар, тіл білімі және ІТ  саласы мамандары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

«Қазақ тілінің ұлттық кіші корпусы үлкен бастама. Әлем цифрландыруға көшіп жатқанда көштен қалмай ілесу, қазақ тілінің матрицасын жасау үлкен қадам. Жалпы жоба болашағынан үлкен үміт күтіп, сәттілік тілеймін», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.

Корпус таныстырылымына Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан ғалымдары қатысып, жобаға өз баға, ұсыныстарын білдірді.

«Аталмыш корпустың орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс жасауы өзге ұлт өкілдерінің қолдануына үлкен мүмкіндік береді. Бұл ерекше атап өтетін жетістік. Сонымен қатар, дизайны нақты, түсінікті, корпус стандарттарына сай және нұсқаулығы жоғары деңгейде жасалған. Меніңше мобилді нұсқасы іске қосылса, тұтынушылар үшін тиімді болар еді», - деді татар тілінің ұлттық корпусын әзірлеуші Мансур Сайхунов.

Шара соңы пікір алмасып, ұсыныстар білдірумен жалғасты. Мамандар жаңа жобаға жоғары баға беріліп, жұмысына сәттілік тіледі.