01 нау, 2021 сағат 14:46

Қазақ тілін үйренгісі келетіндерді оқытуға дайынмын – Алена Герасимова

СҚО Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі Алена Герасимова қазақ тіліне сүйіспешілік оятқан барлық адамдарға алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірдім. Қазақ тілі өте бай, әрі шұрайлы тіл. Қазақ тілін жетік меңгеруімнің арқасында көп нәрсеге қол жеткіздім. Мен қазақ тілінде сөйлегенді ұнатамын және оны туған тілім деп есептеймін», - деді А. Герасимова елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің 5 жылдығына арналған дөңгелек үстелде. 

Оның оқушылары аудандық, облыстық, республикалық мәнерлеп оқу сайыстарына, байқауларға қатысып жүр. 

«Мен қазақ тілін үйреткен мұғалімдеріме маған берген білімдері үшін алғыс айтқым келеді. Қазақ тілі – мейірім мен махаббаттың, мейірбандықтың тілі. Қазақ тілінде сөйлеу дегеніміз – оны есту, ұғыну, өзгелермен тең болу. Мен Ұлы Абайдың тілін үйренгісі келетіндердің бәрін оқытуға дайынмын. Мемлекеттік тілге оқудағы, жұмыстағы, қоғамдық қызметтегі мүмкіндіктері үшін ризамын. Маған қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті ұялатқандардың бәріне алғыс айтамын!», - дейді Алена Герасимова.