09 қаз, 2024 сағат 12:31

"Қазақ стилін тарихқа қашап жазамыз!": Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпиондарына үндеу жасады

Фото: nstagram.com/janibek_alimkhanuly

Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында өзінің келесі жекпе-жегі туралы мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

"Кез келген жерде, кез келген боксшымен жұдырықтасуға біз әрқашан дайын болғанбыз, қазір де дайынбыз! Қазақ стилін тарихқа қашап жазамыз бұйыртса! Мен үшін үлкен жекпе-жектер тек чемпиондық жекпе-жек! Бізге чемпиондар керек! Төрт титул керек! Чемпиондар қашса, қорықса олар чемпиондар емес! Ал ақша үшін бокстасса ол спортшы емес, бизнесмен! Мен әлі де келесі жекпе-жегім Адамес не Ларамен болады деп үміттенемін! Командам қазір үлкен келіссөздер жүргізуде. Егер чемпиондар келіспесе, екі титулды қайта қорғаймыз!" - деп жазды ол.


Оның айтуынша, келесі жекпе-жегі ақпан айында өтеді деп жоспарланған. Әлімханұлының сөзінге бұл чемпиондық жекпе-жек болады немесе WBO міндеттеген қарсыласпен кездесу өткізеді.

"Маған сенім артып, жанкүйерлік жасап жүрген барша ағайынға көп рақмет. Екі титул қолда, екеуі жолда! Құдай қаласа ертелі кеш 4 титулды елге алып келемін!", - дейді боксшы.


Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық IBF және WBO ұйымдарының нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Соңғы рет Әлімханұлы рингке 4 қазанда жаңазеландиялық Андрей Михайловичке қарсы шықты. Ресейдің тумасы "қазақ стилімен" шайқаста тек IBF белбеуін сарапқа салған еді, содан кейін WBO отандасымызға өз желісі бойынша титулды қорғауға жаңа қарсылас тағайындады.