29 қыр, 2020 сағат 12:18

Қазақ радиосына 99 жыл: Ардагерлер эфирге шығады

Биыл 1 қазан Қазақ радиосының әуе толқынына шыққанына 99 жыл, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғаш 1921 жылдың күзінде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан хабар таратқан. Ғасыр куәсі болған қара шаңырақ, әр қоғамның тұсында әрқалай дамып, уақыт өткен сайын заман талабына сай жаңғырды. 

Қазір құрамына 4 бірдей (Qazaq radiosy, Shalqar, Astana, Classic) радионы біріктірген QAZAQ RADIOLARY серіктестігі бүкіл қазақ даласына ақпарат таратады. 

Qazaq radiosy пандемияға бейімделіп, елдің әлеуметтік, құқықтық тақырыптардағы қажетін өтеуге біржолата ден қойды. Ал Shalqar болса, таза ұлттық бағыттағы таным, тарих пен пайым-парасаттың өзегіне айналды.

Қазір «Qazaq radiosy» республиканың 89% аумағына тараса, ал «Shalqar» радиосын елдің 64% тыңдайды. «Жол картасына» сәйкес 2025 жылға қарай оның деңгейін 95%-ға жеткізу жоспарланған. Қазір осы мақсатта шекаралық аймақтарда радиосигналдың қамту деңгейін кеңейтуге қатысты бірқатар жұмыстар қолға алынды. 

Биыл 1 қазан күні «Қазақ радиосының» қара орман халқына арнаған өзіндік сыйы бар. Яғни, осы күні Нұр-Сұлтан және Алматы студияларынан эфирге шығатын ардагер дикторлардың дауысы әуе толқынында қайта жаңғырады. Сатирик Көпен Әмірбек «Қайырлы таңда» тыңдарманға тамаша көңіл-күй сыйласа, барқыт үннің иесі Сауық Жаханова «Жырлайды жүрек» хабарын жүргізеді. Ал Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай сынды дикторлар жаңалықтар жаршысы болып, еліміздегі және жаһандағы соңғы ақпаратпен таныстырады. Күләш Молдахметова балаларға арналған «Тапқыр бала» хабарын тікелей эфирде жүргізсе, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын дайындайды. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» хабарының тізгінін ұстайды. Радиомыздың тағы бір топ ардагер журналистері «Достық», «Біз жанбасақ», «Радиомедицина», «Ақ тілек» хабарын жұрт назарына ұсынады. 

«QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның айтуынша, «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойын атап өту – «сағындырған дауыс иелері» аға буын өкілдерінің осылайша эфирмен қайта қауышуымен басталады.