22 мау, 2018 сағат 14:13

Қазақ мәдениеті ұлттар мен ұлыстарды жақындастырады

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер мен сарапшылар клубының кеңейтілген отырысы өтті. TEDx форматында өткен жиында кәсіби журналистер өздері жұмыс істеп жатқан саланың бүгінгі келбетін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ «Қазақстану» жобасын жүзеге асыруда біршама ұсыныстар білдірді.

Ассамблея төрағасының орынбасары Л.Прокопенко ел бірлігі дегенде БАҚ өкілдерінің күші, қызметі үлкен рөл ойнайтынын айтып өтті. Сондықтан журналистерге Ассамблея бастамаларын көптеп насихаттауға шақырды.

– Біздің бірлігіміз ең алдымен қазақ халқына байланысты. Қазақ халқы – елдегі тұрақтылықтың, ауызбіршілік пен көпұлтты қоғамның бастамашысы. Сондықтан журналистер қауымына газет, портал не телевизия болсын Ассамблея бастамалары жайында халыққа жиі ақпарат беріп отыруды сұраймыз.

Этносаралық ынтымақты насихаттайтын деректі фильм түсірілмек. Бұл – Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың айтқаны.

– Этносаралық, дінаралық келісім еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі. Сол себепті бұл келісімді нығайтудағы ақпарат саласындағы жұмыс Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басты бағыттарының бірі, – деп Е.Нүкежанов журналистерді келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап өтті.

Шара TEDx форматында жалғасып, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп қазақ халқының тарихын біліп, құрметтеудегі кемшілікке тоқталды.

– Қазақтану сөзі екі түрлі мәнге ие. Оның біріншісі қазақ ұлтының тұрмыс-тірлігін тану болса, екіншісі қазақ болып қалу ұғымын білдіреді. Ашаршылық жылдары төрт миллион қазақтың жойылып кеткенін білеміз. 2002 жылы Швейцарияның Женева қаласында болдым. Қаланы аралап жүргенмін. Қарасам, алып тақта тұр екен. Әлем бойынша эпидемия, табиғат апаттары, олардың зардабы туралы ақпарат жазылыпты. Бірақ қай жағынан қарасам да ашаршылық жылдарындағы қазақ геноциді жөнінде бір де бір ақпар таппадым. Әлем 1920-21, 1930-33 жылдардағы қазақ трагедиясын білмейді. Ол да тарихқа селқостау қарайтын өзіміздің кінәміз. Израильде фашистер өлтірген алты миллион еврейді бүкіл мемлекет болып бір минут үнсіз еске алу сәті бар. Транспорт тоқтайды, адамдар жұмысын қоя салады, тіпті ақша аударымдары да бір минутқа үзіледі. Өзімізге де, келер ұрпаққа да тарихты қадірлеуге бірден-бір үлгі боларлық нәрсе екен бұл.

Н.Жүсіп ұлты мен дініне қарамастан әр қазақстандық Тілашар, Тұсаукесер сынды дәстүрді берік ұстанса, «Қазақтану» жобасының басты мақсаты орындалатынын айтты.

– Қазақ мәдениетінің, дәстүрі мен тарихының төңірегінде бастың бірігуі – өзге ұлттар мен қазақ халқын жақындастыра түседі.

«Хабар» телеарнасының директоры Ерлан Игісінов БАҚ өкілдерінің «Қазақстану» жобасы туралы ақпарат беруіне көңілі толмайтынын жеткізді.

– Жобаның тұсауы Көкше өңірінде кесілген соң біз жоба туралы арнайы материал бердік. Басқа телевизия мен сайттар, газет-журналдар жоба туралы не деді екен деп компьютердің алдына отыра қалдым. Блогерлердің парақшасын да тексеріп шықтым. Өкінішке қарай, ақпарат аз. Болған күннің өзінде де толық емес, оқырманға жоба туралы толық картинаны бере алмаған. Мұны «Хабар» арнасының директоры не журналистиканың өкілі ретінде емес, Қазақстанда тұратын, осында бала-шағасын өсіріп отырған азамат ретінде айтып тұрмын. Нұртөре ағаның ұсынысын қолдаймын. Қазақша сөйлейтін, сөйлемейтініне қарамастан тұрып жатқан елге құрмет үшін оның дәстүрін ұстанғанның несі айып? Немерелерімнің «құда түсу деген не?», «қыз айттырғанда кімді айттырады?» деп сұрақ қоюынан сақтасын. Ондай сауалды естімеуде журналистердің еңбегі зор болмақ, – деді Ерлан Игісінов.

Нұртөре Жүсіп «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетовтың домбыраны әжептәуір тартатынына тәнті. Ал, өз кезегінде, Е.Кочетов домбыра тартуды үйрететін видеороликтер түсіру қолға алынғанын айтып, көпшілікті қуантты.

– Қазақ фольклор өнері жайында іздеп, интернетке тере қалсаңыз, мардымсыз мәлімет табасыз. Мен шығармашыл адаммын. Домбыра тартып, күй шерткім келеді. Алайда үйрене қалайын десем, ұлттық аспапты үйрететін видеоларды көре алмаймын. Сондықтан жақында домбыра тартуды үйрететін видеороликтер түсіруді қолға алмақпыз. Видеороликтер қазаққа жақын болуды қалайтын, домбырада қазақша ән айтып, күй шерткісі келетіндер үшін аса пайдалы болмақ, – деді Е.Кочетов.