06 қаз, 2022 сағат 18:52

Қазақ қызы тарихта тұңғыш рет дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алды


Ташкент қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында Әбиба Әбужақынова қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ қызы 48 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде чилилік Мари Ди Варгас Леймен татамиге шықты.

Белдесу өте тартысты өтіп, қосымша уақытта чилилік дзюдошы үшінші ескерту алып, жеңіс Әбибаға берілді.

Алғашқы белдесулерін сәтті өткізген Әбиба жартылай финалда жапониялық Нацуми Цунадеге есе жіберген еді.

Осылайша, Әбужақынова қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанып отыр. Бұған дейін Қазақстан атынан күрескен Отгонцэцэг Галбадрах дүниежүзілік додада жүлдеге қол жеткізген еді.

Әбибаның биылғы жетістіктері өте жақсы. Ол биыл Астанада өткен Азия чемпитонатының күміс медаліне ие болған. Сондай-ақ Ұлан-Батырда өткен Grand Slam турнирінде жүлдегер атанды.