09 қар, 2020 сағат 10:55

Қазақ қызы АҚШ президенті әкімшілігінде басшылық қызмет атқарып жүр

 

Әсел Төленова есімді қазақ қызы АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары болып жұмыс істейді. Дипломатиялық ортада жүрген адамдар бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әлеуметтік желілерде оның экс-президент Барак Обамамен және жаңадан сайланған президент Джо Байденмен түскен фотосуреттері жарияланды.   

"Ағайындар" жинағына Әсел Төленованың өмірбаяны енгізілген. Оған сәйкес, Әсел 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. 1993 жылы АҚШ-тың Джорджтаун университетіне оқуға түсіп, халықаралық дипломатия мамандығы бойынша тәмамдаған.

1998 жылдан бастап АҚШ мемлекеттік департаменті протокол басқарушысының сыртқы қатынастар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. Ал 2014 жылы АҚШ президенті протоколы басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. 

Қазіргі кезде Әселдің тегі өзгерген. Соған қарағанда, АҚШ-та тұрмысқа шыққан болуы мүмкін.  

Осыдан үш жыл бұрын Ақ үйдің ресми сайтында Әсел туралы ақпарат жарияланды. Онда 2017 жылы қазақ қызы Мемлекеттік департаментте протокол қызметін басқарғаны айтылады. Әсел Робертс Ақ үйдегі тағылымдамалар бағдарламасы аясында сөз сөйлеп, өзінің өмірлік тәжірибесі туралы баяндаған. Америкада жетістікке қалай жеткенін де айтып беріпті.  

"Әсел Робертс ханым президенттердің брифингтерін қалай ұйымдастырғанын еске алды. Ол Америкада өз арманыңа жетуге барлық мүмкіндік жасалғанын ерекше атап өтті", - делінген сайтта жарияланған хабарламада.