Абайдың кешегі өзі өмір сүрген заманында айтқан азаматтық ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Мұндай пікірді ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Абай халықтың Абайы болғаннан кейін бұл күн ұлттық мерекеге айналып жатыр. Абайдың кешегі өзі өмір сүрген заманында халықтың мұңын мұңдаған дүниесі, жалпы азаматтық ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Соның ішінде қазақ қоғамына не керек, қазақ қоғамына қандай қадір-қасиет қажет дегенде әлі күнге Абайға жүгінеміз. Оны Абайдан табамыз. Сондықтан Абай күні тек бір ғана күн емес жыл бойы аталып өтілуі тиіс. Қазақтың өмір сүру ғұрпында, салтында Абайдың ойлау жүйесі, Абайдың қазақты сүюі, ұлтқа деген махаббаты жалғасын табуы керек. Өйткені, Абайды тек бір күн ғана ұлтықтап, қалған күндері ұмыту танымымызға жат дүние. Абаймен мақтанған күннің өзінде де оның шығармаларын танып барып қана мақтанғанымыз жөн», - деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Айта кетейік, қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған бір топ мемлекет және қоғам қайраткері елордадағы Абай ескерткішіне салтанатты жағдайда гүл шоқтарын қойған еді.
Естеріңізде болса таяуда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді.