Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Абай поэзиясының 130 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазіргі күнтізбе бойынша Абайдың шынайы туған күні 23 тамызға сәйкес келеді. Зиялы қауым осы күнді тойлап жатқанда Ұлттық академиялық кітапхана Абай поэзиясының 130 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді.
Ақын, абайтанушы Алмахан Мұхамедқалиқызының сөзіне қарағанда, осыдан 130 жыл бұрын Абайдың 10 өлеңі ел арасына өз атынан тараған.
«Биыл Абайдың 10 өлеңіне 130 жыл толады. Атап айтсақ, «Есіңде бар ма жас күнің», «Жүрегім менің қырық жамау», «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы», «Күшік асырап ит еттім», «Сүйсіне алмадым, сүймедім», «Дүтбайға», «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» атты өлеңдері мен М.Лермонтовтан аударған «Жалау», «Жартас», «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» сияқты туындылары жарық көрген», - дейді ғалым.
Айтулы шараға абайтанушы Мекемтас Мырзахметов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, философ Ғарифолла Есім, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы бастаған ғалымдар мен әдебиет өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған ғалым Мекемтас Мырзахметов қазақ қоғамы Абайды жаттау жағынан алдына жан салмай кеткенімен, толық түсінбей жатқанын айтты.
«Абайды жаттау бар да, түсіну бар. Жаттаудан алдымызға жан салмай жүрсек те, көбінесе түсінбей қаламыз. Оның себебі көп. Абайдың рухани әлемі мен пәлсапалық лирикасына Еуропа да, Шығыс та жете алмаған. Қазір әлемдік дүниетаным өзгерді. Абайдан қалған «Толық адам ілімі» дейтін бір ұлы мұра бар. Қазір осы ілім Қазақстандағы 8 университетте оқытылып жатыр. Соның монографиясын жазып бітірдім. Түбі бұл ілімді бүкіл әлем зерттеп, оқитын болады. Себебі ондай терең ілім Еуропада да, мына іргедегі Қытайда да жоқ», - деді абайтанушы.