12 қар, 2020 сағат 14:03

Қазақ халқының қонақжайлығын қорқақтық деп қабылдауға болмайды - тарихшы

Қазақ халқының көрсеткен құрметімен қонақжайлығын ынжықтық немесе қорқақтық деп қабылдауға болмайды. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зада Дүкенбаева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бастап елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасап келеді. Олардың дініне, тіліне, мәдениетіне ешқандай қысым көрсетілмеді. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері кедергісіз білім ала алатындай етіп, мектептер ашып бердік. Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін кейбір ұлт өкілдерінің Қазақстан террриториясында ғылыми-зерттеу орталықтары да болды. Өйткені, ел бірлігі – біз үшін асыл қасиет. Дегенмен қазақ халқының көрсеткен құрметімен қонақжайлығын ынжықтық немесе қорқақтық деп қабылдауға болмайды», - деді Зада Оразғалиқызы.

Сонымен қатар тарихшы Елбасы Н.Назарбаев ҚХА Кеңесінде көтерген қазақ тілін этоносаралық тіл мәртебесіне көтеру бастамасына қатысты пікір білдірді.

«Қазақстан алғаш мемлекет болып ірге көтеріп жатқан уақытта жеріміздің кеңдігі мен халық санының аздығына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұған қоса үш тілділік саясатын ұстандық. Ал енді басқа ұлттардың қазақ халқына сыйластық танытып, тілімізді насихаттайтын кезі келген сияқты. Мәселен, АҚШ-тың азаматтары ұлтына қарамастан бәрі өзін америкалық санайды. Сондықтан біздің еліміз де өзге ұлттарға бөлінбей, барлығы бірге «Қазақ халқы» деп аталып, баршасы қазақ тілінде сөйлеуге тырысуы керек. Бұл - нағыз достықтың, бірліктің белгісі болады», - деп атап өтті Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.