Ел іші елеңдеп күтіп жүрген «Қазақ елі» телесериалы дәл биыл экранға жол тартпақ.
Бүгін аталған жобаның бас продюсері Арман Асенов мырза Abai.kz порталына сұхбат беріп, аталған сериалдың нақты қай күні жарық көретіні туралы әңгімелеп берді.
- Ареке, сізбен сұхбатты мына сұрақтан бастасам деп отырмын. «Қазақ елі» сериалына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қазір қандай да бір қолдау жасалып жатыр ма осы?
-Сұхбатымызды осы сауалдан бастағаныңыз және оны маған қойғаныңыз өте жөн болды. Себебі мен – осы жобаның бас продюсерімін. Мәселенің мән-жайын нақты білемін. Негізінен жобаны қолдап отырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. Сондықтан министрліктегі азаматтарға рақмет айтуымыз керек.
-Бастапқыда қаржы жетпейді деп, жұрттан жылу жинаған едіңіздер. Қазір қаржыландыру жағы қалай?
-Ондай кездер болды, рас. Қазір қаржы бөлінді. Жұмыс ретімен жүріп жатыр.
-Қанша бөлінді және қайдан?
-Негізі ең басында министрліктен 1 миллиард теңге бөлінген. Ол қаржы өз орнымен жұмсалды. Кейін қаржылық қиындықтар болған соң, біз қосымша қаржы сұрадық. Министрлік қосымша тағы ақша бөлді.
-Алматы қаласы әкімшілігі де араласып, біраз қаржы табылған еді ғой.
-Иә, Алматы қаласы әкімшілігі ұсыныс жасап, «БазисА» компаниясы 180 миллион теңге бөлді. Одан бөлек, «Freedom Finance» ұйымы да 100 миллион берді. Осының барлығын Мәдениет министрлігі ұйымдастырды.
- Сонымен түсірілім жұмыстары аяқталғаны белгілі. Өткен жолы режиссер Рүстем Әбдірашевпен сөйлескенімізде, монтаждау жұмыстары жүріп жатқанын айтып еді...
-Рас, бірінші маусымның түсірілімдері аяқталды. Тіпті, монтаждау жұмыстары да мәреге жетіп қалды. Бұйырса биыл «Қазақ елі» сериалы экранға жол тартады деп жоспарлап отырмыз. Ал түсірілім жұмыстарына келер болсақ, ол аяқталған жоқ. Себебі, біз жобаның екінші маусымын шығармақпыз. Бұл бағытта Батыста көптеген сериалдар түсіріліп жатыр ғой. Сол секілді, «Қазақ елі» сериалы жұртты таң қалдырып, тамсандыратын қазақ киногерлерінің тұңғыш туындысы болады деп ойлаймыз.
-Демек, бұл батыстық форматтағы экшн-сериал болмақ қой... Мысалы, «Тақтар ойыны»...
-Иә, дәл солай. Біздің елде бұл жанрда, бұл форматта сериал түсірілген жоқ. Батыста, Батысты қойып дүниежүзінде сұранысқа ие болып отырған «Тақтар ойыны» форматында дайындалды. Егер «Тақтар ойыны» сериалында көп эпизодтар компютерлік графикамен дайындалса, бізде бәрі табиғи болады. «Тақтар ойыны» сериалында фантастика басым, кейіпкерлер ойдан шығарылған. Ал біздің сериалда бәрі шын кейіпкерлер. Өмірде болған, оқиғалар да тарихи деректер бойынша түзілген. Айта кетейін, бізде бұрын-соңды мұндай сериалдар болған жоқ. Сондықтан біз барымызды салдық.
-«Тақтар ойынына» әлемдік деңгейде сұраныс жоғары. Ал біздің «Қазақ елі» сериалы әлемдік прокатта бәсекелесе ала ма?
-Білесіз бе? Бізге көптеген шетелдік телеарналар хабарласып жатыр. Мысалы, берісі Ресей мен Украина біздің сериалды сатып алуға ұсыныс жасап үлгерді. Мәселенки, қазір ОРТ арнасымен келіссөздер жүргізілуде. Арысы Батыстың телеарналары хабарласып, сериалдың қашан дайын болатынын сұрап отыр. «NBC» бастаған Батыс елдері арналары көптеп хабарласуда. «Әл жазира» арнасы да біздің сериалды сатып алуға келісті. Себебі, Батыс прокатындағы сериалдардың көпшілігі компьютерлік графикамен түсіріледі. Ал бізде шынайы кейіпкерлер, шынайы табиғат аясы. Жасыл фонды қолданбадық. Сондықтан «Қазақ елі» сериалының сапасы да, әсері де ерекше болмақ.
- Фильм былтыр, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында көрсетілуі керек еді. Бізге белгілі, белгісіз себептермен кешігіп, әне-міне деп жүріп, биыл ғана әзір болған сияқты. Неге?
-Рас айтасыз, сериалымыз белгілі себептермен кешігіп қалды. Дегенмен биылғы жыл да қазақ халқы үшін айтулы даталармен сәйкес келеді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Желтоқсан көтерілісіне де 30 жыл толды.
-Сонымен сериалды қашан көреміз?
-Биылғы жылдың 16-желтоқсанында «Қазақ елі» сериалының кино нұсқасы көрерменге жол тартады. Алғашқы көрсетілімі Астана қаласында «Қазақстан» концерт залында, Алматы қаласында «Республика» сарайында өткізіледі. Ал 17 желтоқсан күні еліміздің барлық кинотеатрларында «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы шығады. Кино нұсқаның ұзақтығы 2 сағат. Сериалды көрген адамның өкінбейтініне бек сенімдімін.
-Ал сериал ше?
-Кез келген сериалды түсірген соң, алдымен оның кино нұсқасы көрсетілімге шығарылады. Біз де солай істедік. Ал сериалға келер болсақ, желтоқсан айында, жаңа жылға қарсы екі апталық демалыс болады. Дәл сол кезде біз сериалды көрсетпекпіз.
-Қанша сериал түсірілді?
-«Қазақ елі» сериалының алғашқы маусымына 10 сериал әзір. Әр сериалдың ұзақтығы 40-45 минуттан тұрады.
-Алғашқыда көп сериалы деген еді... Дайын болғаны 10 бөлім екен. Осы 10 бөлімді екі жыл түсірдіңіздер ме?
-Негізі қазір біз «Қазақ елінің» екінші маусымын дайындап жатырмыз. Алғашқыда «Мәңгілік ел» бағдарламасы аясында 100 бөлім деп жоспарланған болатын. Белгілі себептермен түсірілім жұмыстары кешікті. Сондықтан біз алғашқы маусымды 10 сериямен бастаймыз. Сосын екінші маусым, үшінші маусым болып жалғаса береді.
-Жақсы, Ареке, іске сәт!
-Сіздерге де рақмет!
Сұхбаттасқан - Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz