26 шіл, 2016 сағат 17:34

Қазақ батырлары Канадада қарсылас шыдатпады (видео)

2016 жылдың жазы әлемдік Бокс тарихына қаралы хабармен жазылары анық. Ол - Мұхаммед Алидің өмірден өтуі болатын… Бірақ қазақ боксы үшін шілденің жетісі жат елде, Канаданың Монреаль қаласында, “ҚАЗАҚ” атын аспандатқан жемісті ойындардың бірі емес, бірегейі болды.

Атланттың арғы бетіндегі АҚШ елінде Қазақстанның атын жат елділіктердің жадысына найзадай қадап жүрген батырымыз Гена Головкин болса, қарағандылық жерлесіміздің сол ерлігін бүгінде үйеңкі жапырақты (Канада) елінде үш бірдей қазақ батыры жалғастыра білді, тіптен өздерінің әдемі жеңіс жолдарын сала білді. Жеңісті ойындардың желіне марқайған Канададағы Қазақстандық қауым тамсанып қана қоймай, талғамын таңдау қиынға соғатын канадалықтар да қазақ жігіттерінің жігеріне куә болды.

Шілденің алтысы қазақстандық жұрт Астана күнін атап өтсе, келесі күні Қазақстан туы Канаданың бокс төрінде үш мәрте желбіреді. Жігерді қолдан бермес қазақ жігіттерінің жеңісінен артық сыйлық жоқ болар Ел Ордасы үшін.

Қазақ халқының есім қою дәстүрі де кейде адам тағдырын анықтаса керек. Олай дейтінім, канадалық кәсіпқой бокстағы Қазақстанның із салушысы Батыр Жүкембаев - ҚР-ның жастар арасындағы, студенттер арасындағы және де Қазақстан, Украина мен Финляндиядағы турнирлардың чемпионы. Канаданың кәсіпқой бокс рингіндегі 4 ойынды нокаутпен жеңген Батыр канадалықтар үшін “Қазақ Батыры” атанып үлгерді.

Батырдай қазақ жігіттерінің жалғыз еместігін дәлелдеген келесі боксшы Абылайхан Хусайнов жергілікті боксшыны нокаутпен жеңіп, қарсыласының жанкүйерлерін жерге қаратты. Алғашқы ойынынан-ақ жастық жігері мен жеңіске құлшынысын жасырмаған Абылайхан Батыр салған жеңістің сара жолын абыроймен жалғай білді.

Батыр мен Абылайхан кәсіпқой бокстың тізгінен өзгелерге бермей жүрсе, олардың әуесқой бокстағы ізбасары Рустам Сваев та алғашқы ойынын жеңіспен аяқтады. Орын алған тоғыз ойынның үшеуінде бой көтерген қазақ жігіттерінің жеңісі жат елде жүріп елді аңсаған қазақстандықтардың рухын өрлетті, Көк тудың қыранын Монреальда төрлетті. Спорттың сиқыры да сол болар, санаулылардың жеңісі сансыз саналыға мәртебе мен қуаныш. Француз тілділер басым қала Монреаль ол күні футболдан  Еуропа құрлығының кубогының финалына жолдама алған Францияның жеңісі емес, үш бірдей қазақ жігітінің жеңісіне тамсанды.

N6CiVweGEhI

Жат елдің рингіндегі қазақ әуенінің шарықтауы патриоттық сезімді оятпай қоймайтыны да анық, Квебекте екеніңді ұмыттырып, қазақтың кең даласын көзге елестетер қымбат сезім үшін де бүгінгі канадалық кәсіпқой бокстың жұлдыздарына алғыс шексіз. Қазақ поэзиясында айтылатын “Рухы – өр, Тәні – бекем, Бұл бір қайсар халық екен…” дейтін ойдың жетегінде кеткен канадалықтардың Қазақстан жайлы сауаттарын тарих пен география емес, кәсіпқой боксшылар ашуда.

Бәлкім Әбдіжәміл Нұрпейісов осы ғасырға тиесілі жазушы болғанда, “Қан мен тер” романының басты кейіпкері дәл осы ҮШ чемпионымыз болар ма еді, кім білсін?!

Үш жігіттің жеңістерінің құпиясы неде? Бақ пен бап бірге шабуы тиіс спорт саласында ойыншылардың қадамын болжай біліп, дарынан тани білітен өз ісінің шеберлерінің орны аса маңызды. Батыр, Абылайхан мен Рустамның қайсарлықтарын жат елде қайрап жүрген менеджер Анна Ревва есімді ару Қазақстан қоғамына таныс емес. Сахна өнерінде де шымылғының арғы бетіндегі кейіпкерлерді көпшілік біле бермейтіні сияқты Анна да еңбегінің жемісін тек жеңіс ретінде қабылдауға дағдыланған азаматша. Монреальдық бизнес-ханым  спорт әлеміне келгеніне үш жыл болса да, өзінің қырағы көзді маман екенін дәлілдей білді. Өз кәсіби жолын Артур Бетербиевпен бастаған Анна қазақ жігіттерінің жаттықтырушысы Стефан Ларуштың жоғары пікірін иеленіп үлгерді.

Жеңісті өздерінің екінші есімдері етуді көздейтін жерлестеріміздің жеңісіне еш күмәніміз жоқ. Тілеріміз: кәсіби бокстың нәсібіне ие болып, Қазақстан атын жат елде асқақтата беріңдер!!! Қазақстан мен Канада арасында мұхит болса да, сендерге деген сенім мен үміт толағай!!!

Құсайынқызы Айгерім

Шілде, 2016

Монрель, Канада

Ұлт порталы