13 қар, 2019 сағат 18:08

«ҚазАгро» холдингінің топ-менеджері күдікке ілінді

ҚР АШМ «ҚазАгро» Холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» Холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесіне қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаға теңестірілген бола отырып, өз құзыретіне кірмейтін шешімді қабылдағаны, яғни Ақтөбе облысында орналасқан кепілдік мүлік – элеваторды сату-сатып алу келісімшартын жасағаны үшін алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы «Интер-Агро» және «ИнтерАгроТрейд» ЖШС құрылтайшысы мен басшысына тиесілі, бұрын келісілген 200 мың АҚШ долларынан 20 миллион теңгені иемденіп кеткен», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі хабарламасында.

Күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайтын болады.