28 қар, 2018 сағат 10:29

Қайырымдылық - қадірлі іс

Қайырымдылық – адам баласының бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттердің тек біреуі ғана. Жүрегі мейірімге толы жан жеңілі мен ауыры қатар жүретін қатігез өмірдің басты тірегі.

Мейірімге толы қайырымды жүрек мұқтаж жандарға демеу болумен оларға өмір сүруге жаңа күш пен талпыныс сыйлай алады. Көмекке зәру жандарға қиналған шағында қол ұшын созу - әрбір адамның парызы.

Мойнындағы осынау парызды орындау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен 17 қараша күні Mega Center Alma-Ata ойын-сауық орталығында «Сен жалғыз емессің...» атты отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық концерті болып өтті.

Шараның басты мақсаты - «Ларон синдромы» дертімен ауыратын Баев Мадиасқа көмек қолын созып, материалдық және моральдік тұрғыдан демеу болу.

Жасынан зерек, алғыр баланың бұндай дертке шалдыққанын ата-анасы Мадиас бір жасқа толғанда білген. Мадиасты ауыр дерттен айықтырып, толық жазылып кетуі үшін оған 37 вакцина салынуы керек. Ал әр вакцина 1590$ тұрады. Концерт барысында шараға жиналған қауым қолдарынан келгенше арнайы қойылған қорапқа ақша салып, қаржылай көмек көрсетіп жатты. Жалпы көлемі 209 300 теңге болатын қаржы жиналып, Мадиастың ата-анасына табысталды.

Сөз соңында айтарым, қайырымдылық жасауға барлығымыз асығып, жақсылық жасаумен жарысайық. Қайырымдылық жасауға үлкен дүниенің керегі жоқ, тек мейірімге толы жүрегіңіз болса, болғаны.

Жанболат Омаров,

Биология және биотехнология факультеті

"Сұңқар" студенттер мен магистранттар кәсіподағы ҚБ мүшесі